«Батуми мұнай терминалы» ЖШС (100% үлесі «ҚазТрансОйл» АҚ-қа тиесілі) және «Батуми теңіз порты» ЖШС ( «ҚазТрансОйл» АҚ 100% басқаруға айрықша құқықтарға ие) 2022 жылға жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 7,6 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылы осы мерзімдегі көрсеткіштен 1,3 млн тоннаға көп.

Атап айтқанда, мұнайды, мұнай өнімдерін және газды ауыстырып тиеу көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 0,4 млн тоннаға артып, 1,9 млн тоннаны құрады. Қайта тиеу көлемдерінің өсуі Қазақстаннан шыққан қара түсті мұнай өнімдерін ауыстырып тиеудің ұлғаюымен, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС-мен мұнай мен сұйытылған көмірсутек газын ауыстырып тиеу бойынша ынтымақтастықты жалғастырумен байланысты.

Құрғақ жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,7 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 0,5 млн тоннаға артық, бұған карбамид пен қант шикізатын ауыстырып тиеудің артуы себеп болды.

Контейнерлік терминал 2022 жылы 119 мың TEU жүктерді өңдеді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың TEU-ге артық, өсім COSCO контейнерлік желісін Поти портынан Батуми портына қайта бағыттау және АҚШ көлік нарығының 2022 жылдан бастап ұлғаюына байланысты болды.

«ҚазТрансОйл» АҚ «Батуми мұнай терминалы» ЖШС (БМТ) арқылы Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етеді және басқарады. БМТ мұнайды, мұнай өнімдерін және газды қайта тиеу, айдау, сақтау, сондай-ақ оларды өңдеу өнімдерін өзінің айлақтарын, технологиялық құбырларын және резервуарларын пайдалана отырып қызметтер көрсетеді. БМТ-тың бәсекелестік артықшылығы — мұнай мен мұнай өнімдерінің әртүрлі сорттарын (соның ішінде сұйытылған мұнай газын) сақтау және тиеу мүмкіндігі.