«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев іске қосу мен жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, сондай-ақ ҚМГ-нің еншілес кәсіпорны «KPI Inc.» ЖШС (KPI) полипропилен өндіретін газ-химия кешенінің қызметіндегі мәселелерге қатысты кеңес өткізді.
Іс-шараға ҚМГ мен KPI басшылығынан бөлек СИБУР топ-менеджерлері және қытайлық мердігер China National Chemical Enginnering Co (CNCEC) компаниясының өкілдері қатысты. Кездесуде кәсіпорынның қазіргі қызметі, кепілді сынақтардан өткізуге дайындық мәселесі, сондай-ақ KPI зауытының жобалық қуатын жылына 500 мың тонна полипропиленге жеткізу бойынша міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша М.Мырзағалиев кепілді сынақтарды өткізгенге дейін анықталған ескертулерді елеп, жоюды тапсырды. Технологиялық процесті жүргізген кезде қауіпсіздікті үздіксіз сақтауға ерекше назар аударылды.
«Бүгінгі күні зауыт – Қазақстан мұнай-газ химиясы өнеркәсібінің көшбасшысы. Кәсіпорынның толық жобалық қуатына шығуы ішкі нарықты полипропиленмен толығымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауқымды өнім көлемін шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде өнімді ҚХР-ға, ЕО елдеріне, Ресейге тікелей жеткізу мәселесі жолға қойылған, жақын арада түрік нарығына шығу жоспарда. Сондықтан зауыттың технологиялық жабдықталуымен қатар, маркетинг бойынша сапалы стратегиясын ойластыру қажет», — деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Жиынға қатысушылар Полиэтилен жобасы бойынша ынтымақтастықты да талқылады.
2022 жылы 7 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «СИБУР Холдинг» ЖАҚ пен полипропилен және полиэтилен мұнай-газ химия жобаларының оператор компанияларының қатысушылары «KPI Inc.» ЖШС және «Силлено» ЖШС (Полиэтилен жобасы) базасында бірлескен кәсіпорындар құру туралы негізгі құжаттарға қол қойғанын еске сала кетейік.
Полиэтилен жобасын іске асыру әлемде үлкен сұранысқа ие, тығыздығы жоғары премиум полиэтиленді қоса алғанда, көп ассортиментті өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы қуаты 1 млн 250 мың тонна болатын бірыңғай кешенге біріктірілетін екі технологиялық қондырғы салу көзделіп отыр.
Анықтама үшін:
«KPI Inc.» ЖШС (KPI) — полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешені. Кешен Теңіз кен орнынан алынған шикізатты өңдеуге маманданған және жылына 500 мың тонна жоғары сапалы полипропилен өндіруге есептелген. Кешен 2022 жылы 8 қарашада ресми іске қосылған сәттен бастап елдегі ішкі сұраныспен қатар, өнімін экспортқа жібере отырып, өндіріс көлемін ұлғайтып келеді.
«СИБУР Холдинг» ЖАҚ (СИБУР) — мұнай-газ химиясы саласындағы ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірегей тәжірибеге ие және полимерлер мен каучуктар өндіру бойынша Ресейдегі көшбасшы компания. СИБУР өнімдері тұтыну тауарлары мен автомобильдер өндірісінде, құрылыста, энергетикада және басқа салаларда қолданылады.
«China National Chemical Enginnering Co» (CNCEC) — KPI газ-химия кешені құрылысының бас мердігері (инжиниринг, жабдықтау және құрылыс).
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) — Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтер көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған Компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.